Қазақстанның Православие Шіркеуінде қазақ тіліндегі Жаңа Өсиет жарыққа шықты
- 10.07.2023, 11:35
- Новости на казахском языке
2023 жылғы 10 шілде. Алматы. Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың батасымен қазақ тіліндегі Жаңа Өсиет басып шығарылды.
Кітап Қазақстан Республикасының аумағында ерекше шіркеулік канондық құрылым – Митрополит округінің құрылғанына 20 жыл толуына орай басып шығарылды.
Қазақстанның Православие Шіркеуінің демеушілігімен Киелі кітапты қазақ тіліне аудару бастамасы Астана және Қазақстан митрополиті Александрға тиесілі. Аударма процесі 2021 жылы бастау алған.
Жобаны президенті Георгий Геннадьевич Сосновский болып табылатын «Апостол» қоғамдық қоры жүзеге асырды.
Аударма және басып шығару жұмыстарын «Апостол» қоры мен Қазақстан Митрополиттік округінің қызметкерлері Қазақстандағы белгілі «Гельвеция» аударма агенттігінің жетекші мамандарымен бірігіп атқарды. Кітаптың мұқабасын қазақстандық танымал дизайнер Ильяр Ниязов жасады.
2022 жылы қазақстандықтарға ұсынылған Киелі кітаптың қазақ тіліндегі алғашқы кітаптары Матфейден Ізгі Хабар, Псалтирь және Соломонның нақыл сөздері болды. Аударылған мәтіндерге діни сараптама жүргізілді, оған сәйкес бұл басылымдар Қазақстан аумағында таратуға және пайдалануға ұсынылады. Осы елеулі оқиғаға орай Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Қ. Қыдырәлі, еліміздің Мәдениет министрі Д.Ә. Абаев (қазіргі уақытта Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елші) және Алматы қаласының әкімі Е.А. Досаев өз құттықтауларын жолдады.
Қазіргі таңда жетекші зайырлы және шіркеу мамандарын тарта отырып, библиялық кітаптарды қазақ тіліне аудару жұмыстары жалғасып жатыр.
Киелі жазбаны қазақ тіліне аудару туралы митрополит Александр былай деді: «Халықтың мәдениетіне, оның дәстүрлі құндылықтарына, Құдай туралы, әлем туралы, адам туралы түсініктеріне сүйенбей, сапалы аударма жасау мүмкін емес», – дейді. Дүние жүзіндегі ең бай және мәнерлі тілдердің бірі – қазақ тілі – қазақ халқының ежелгі және көпқырлы мәдениетінің асыл бөлігі. Ұсынылып отырған киелі мәтіндердің жаңа аудармасы қазіргі тілдік нормалар мен ережелерді ескере отырып, қазақ мәдениеті мен қазақ тілінің шіркеу және зайырлы қолданушыларының көмегімен жасалды. Сарапшылар библиялық мәтіндердің сұлулығы мен алуан түрлілігін, олардың рухын, мағынасы мен стилін жеткізу үшін лингвистикалық құралдардың бүкіл бояуы пайдаланды. Інжіл кітаптарының қазақ тілінде басып шығарылуында тәрбиелік және тарихи-мәдени баға жетпес мән бар. Бұл аударманың пайда болуы көптеген адамға бүкіл әлем мәдениетінің маңызды бөлігі негізделген адамзаттың ең ұлы әдеби естелігін өз ана тілінде оқып-білуге мүмкіндік береді. Киелі кітаптың қазақ тіліне аударылуы оны зерделеу мен түсінуге таптырмас ынталандыру болып табылады, және де, біздің ортақ үйіміз – көпконфессиялы және көпұлтты Қазақстанның рухани және интеллектуалдық дамуына маңызды әрі елеулі үлес қосатыны сөзсіз».