Астанадағы Успен соборы мен Митрополит округінің рухани-мәдени орталығына Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының өкілдері келді
- 19.03.2023, 00:39
- Новости на казахском языке
2023 жылғы 18 наурыз. Астана. Успен кафедралық соборы мен апостолтеңдес Кирилл және Мефодий атындағы Қазақстан Митрополит округінің рухани-мәдени орталығына Ресей Федерациясы Федералдық жиналысы Мемлекеттік Думасының өкілдері келді.
Мемлекеттік Думаның өкілдері Қазақстан астанасына 19 наурызда өтетін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауына бақылаушы ретінде келді.
Делегация құрамында болған: Қорғаныс комитетінің төрағасы А.В. Картаполов, Ұлттар ісі комитетінің төрағасы Г.Ю. Семигин, Туризм және туризм инфрақұрылымын дамыту комитетінің төрағасы С.А. Тарбаев, ТМД істері, еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары К.К. Тайсаев, «Единая Россия» партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары В.В. Селиверстов, Қорғаныс комитеті төрағасының бірінші орынбасары, Ресей Батыры А.Л. Красов, Астрахан облысынан Федерация Кеңесінің мүшесі Г.И. Орденов; Мемлекеттік Дума аппаратының қызметкерлері Ю.В. Саморока, А.Б. Сигова, А.С. Лорсанова.
Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың батасымен парламентарийлер делегациясын елорда приходтарының тәртіп қараушысы архимандрит Сергий (Карамышев) және кафедралдық собордың кілтшісі протоиерей Димитрий Байдек қарсы алды.
Сергий әкей қонақтарға Қазақстан Республикасы басшылығының қолдауымен салынған Успен соборына экскурсия жасап, оның салыну тарихы, ғибадатханадағы қасиетті заттар, ежелгі орыс өнерінің дәстүрінде бірегей иконостастың жасалуы, және көрнекті ресейлік шеберлер жасаған қабырға суреттерімен собордың безендірілуі туралы айтып берді.
Қасиетті жәдігерлер алдында Ресей Мемлекеттік Думасының өкілдері дұға оқып, шырақ жақты.
Архимандрит Сергий мен делегация мүшелерінің қарым-қатынасы рухани-мәдени орталықтың алауошақ залында жалғасты. Сергий әкей кездесуге қатысушыларға республикадағы екінші үлкен және тарихи маңызы бар конфессия болып табылатын Қазақстандағы Православиенің өмірі туралы айтып берді және биылғы жылы атаулы күн – Қазақстан Митрополит округінің құрылғанына 20 жыл толуына арналған іс-шараларды өткізу жоспарларымен бөлісті.
Жайдары көңіл күйде өткен әңгіме соңында тәртіп қараушы әкей митрополит Александрдың атынан қонақтарға естелік сыйлықтар мен Қазақстанның Православие Шіркеуі туралы әңгімелейтін басылымдарды табыс етті.